1981 жылдың жазы Целиноград стансасындағы желілік бөлімдегі іздеушілер тобына тағы да бір сыналар сын сағаты туды.
Егер стансаға келген вагон, цистерналардың пломбалары бұзылған болса немесе онда нақты қылмыс жасалғаны байқалса, станса қызметкерлері мен транспорттық милиция бөлімінің қызметкерлерінен құрылған комиссия жүк қабылдаушыға келген жүкті тасымалдау тәртібі бойынша санымен немесе салмағымен өлшеп тапсыруға тиіс.
Ал жүк қабылдаушылардың бірі – Целиноград қаласындағы арақ-шарап зауыты болатын. Сол жылы аталмыш зауытқа келген спирт құйылған цистерналарда жаппай жетіспеушілік байқала бастады. Әр спирт жетіспеген цистернаға коммерциялық актілер түзіліп, аталған бөлімге іздестіруге жіберіліп жатты. Бұл материалдар бойынша іздестіру шаралары аға инспектор Сүлейменовке тапсырылды.
Материалдардағы «жалпы актілердің бәрінде» «цистерна келген бетте оның пломбалары мен люктерді байлаған сымдарының жоқтығы анықталды», деп жазылып тұрды. Сондықтан біраз уақытқа дейін әлгі коммерциялық актілер цистерна келген пойыздың жүру графигі бойынша Целиноград стансасына дейінгі тоқтаған стансаларға жіберілді. Бірақ олар тексеріс жүргізіп, жауап бергенше біраз уақыт өтетін еді. Сол себептен бастапқы іс-әрекеттер нәтижесіз болды.
Сондықтан «сараптау паркінің» жұмысын қадағалау жедел топқа жүктелді. Арақ-шарап зауытының жұмысшылары да бақылауға алынды. Осы жұмыстардың барысында түскен материалдарды сараптай отырып, арақ-шарап зауытына баратын қысқа темір жол бойына торуылдар қойылып, цистерналардың өту графигін тексеру міндеттелді. Бұл амал өз жемісін берді.
Содан бақылау негізінде станса жақтан келе жатқан кезекті локомотивтің жарығы көрінді. Арақ-шарап зауытына баратын тұйық жол бойында жалғыз үй болатын, онда жасы үлкен бір кейуана тұрушы еді. Сол үйдің тұсына жақындаған кезде әлгі локомотив соңына тіркеген екі цистернасымен баяулап келіп тоқтады. Жедел топ түнде көретін құралмен бақылап қараса, цистернаның үстінде бір кісі құнжыңдап бірдеңе істеп жатыр екен, ал арғы бетінде не боп жатқаны көрінбеді. Мүлік қорғау бөлімінің бастығы А.Коканов өте сақтықпен бақылау орнын ауыстырып, арғы бетінде не болып жатқанын қарап, үш-төрт адам канистр, фляга тасып жатқанын байқаған соң, жедел топқа қайтып келіп: «10-15 минут күтейік, сосын барайық», – деді.
Сәл күткеннен соң, екі адам локомотивке, қалған тоғыз адам арғы беттегі үйге бет алды. Әлгі үйге кірсе, үш теміржолшы мен үй иесі үстел басында арақ ішіп отыр екен. Үй ішінде айтарлықтай жиһаз жоқ. Екі бөлменің бірінде канистр, фляга, бидондар толып тұр. Ішіп отырғандары да спирт болып шықты. Жаңағы ыдыстардың барлығы толған спирт.
Содан соң жедел топ станса кезекшісіне локомотив бригадасының ұсталғанын хабарлап, оларды милиция бөліміне алып барады. Тергеу амалдары жүргізіліп болғаннан кейін іс сотқа жолданды, бірақ іс бірнеше рет қайта тексеруге жіберілді.
Ақыры ұрылар спирт ұрлығын мойындап, қылмыстық іс қайта қаралып, көлік прокуратурасының бекітуімен сотқа жіберілді. Сотта ұрылар тиісті жазасын алып, бас бостандықтарынан айырылды.
Амангелді АРЫСТАНБЕКОВ
АСТАНА